
AKELIUS ЖОБАСЫ: ПЕДАГОГТЕРДІҢ НӘТИЖЕЛЕРІ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ
AKELIUS ЖОБАСЫ: ПЕДАГОГТЕРДІҢ НӘТИЖЕЛЕРІ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ
2026 жылғы 22 мамырда Абай облысында КММ «№10 жалпы орта білім беретін мектеп» базасында «AKELIUS жобасы: педагогтердің нәтижелері мен тәжірибесі» атты семинар-практикум өтті. Іс-шараға әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары, жалпы білім беретін және арнайы мектептердің педагогтары қатысты. Семинар кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және цифрлық білім беру ресурстарын қолданудың заманауи тәсілдерін талқылау алаңына айналды.
Іс-шараның негізгі мақсаты AKELIUS жобасын іске асыру қорытындыларын шығару, қол жеткізілгеннәтижелерді көрсету және платформаны білім беру үдерісінде қолданудың табысты педагогикалық тәжірибесін тарату болды.
Қатысушыларға Абай облыстық инновациялық-әдістемелік орталық директорының орынбасары Нигматуллина Альфия Рафаильевна және мектеп директоры Келдибаева Бақтыгүл Омархановна құттықтау сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде білім беру үдерісіне заманауи цифрлық технологияларды енгізудің өзектілігін атап өтіп, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту маңыздылығына тоқталды.
Семинардың бірінші бөлімінде қатысушылар AKELIUS жобасы аясындағы жұмыс нәтижелерін ұсынып, платформаны оқу үдерісінде қолдану тәжірибесімен бөлісті. Цифрлық құралдарды сабаққа кіріктіру, оқушылардың мотивациясын арттыру және тілдік дағдыларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өз тәжірибелерімен және нәтижелерімен Құрманбаева Назгүл Мырзахановна, Шалкарова Дильназ Шалқарқызы және Нұрбек Рухия бөлісті. Олар платформаны ағылшын тілі сабақтарында қолдану тәжірибесін таныстырып, жылдық жұмыстың нәтижелерін көрсетті.
Іс-шараның практикалық бөлігі заманауи білім беру технологияларымен және тиімді оқыту әдістемелерімен таныстыруға бағытталған шеберлік сыныптарына арналды. Педагогтар цифрлық платформаны қолдана отырып сабақ ұйымдастыру үлгілерін көрсетіп, өздерінің әдістемелік әзірлемелерін ұсынды.
Тәжірибелік жұмыстарды Айбекова Аяжан Арманбекқызы, сондай-ақ Ғатиатова Маржан Бақытханқызы және Қабдрахманова Әсел Асқарқызы таныстырып, бастауыш сыныптарда ағылшын тілі сабақтарында станциялар ротациясы технологиясын қолдану сияқты тиімді оқыту тәсілдерін көрсетті.
Семинар соңында қатысушылар жобаның нәтижелерін талқылап, пікір алмасып, кері байланыс берді. Сондай-ақ іс-шараға қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті.
Мұндай іс-шаралар педагогтердің кәсіби дамуына, тиімді тәжірибені таратуға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған заманауи білім беру практикаларын енгізуге ықпал етеді.
Пилоттық жоба педагогтері AKELIUS платформасының практикалық маңыздылығын атап өтіп, оны білім беру үдерісінде қолдану нәтижелеріне оң баға берді. Қатысушылардың пікірінше, цифрлық құралдарды қолдану оқушылардың мотивациясын арттырып, тілдік дағдыларды дамытуға және тиімді оқу ортасын қалыптастыруға ықпал етеді. Жоба инклюзивті білім беруді дамытуда да ерекше маңызға ие, себебі заманауи цифрлық шешімдер әртүрлі білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді және сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Алынған тәжірибе жобаны одан әрі дамыту мен Абай облысының білім беру ұйымдарында оны табысты енгізудің перспективаларын растады.


