Меню KDT

Басты бет

poster

Келешек мектептері педагогтеріне әдістемелік көмек көрсету

2026 жылғы 5-6 қаңтар күндері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бастамасымен, Абай облысының білім басқармасы Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығының қолдауымен Семей қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі және Педагогикалық шеберлік орталығы «Келешек мектептері» педагогтеріне арналған физика, химия, биология, информатика, STEM және робототехника пәндері бойынша «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» семинар-практикумын өткізді.

Семинар-практикумның мақсаты – зертханалық жұмыстарды тиімді ұйымдастыру арқылы оқушылардың білім сапасын арттырып, олардың зерттеушілік және инженерлік ойлау қабілеттерін дамыту.

Жаратылыстану пәндерінен зертханалық жұмыстарды тиімді ұйымдастыру білім алушылардың бойында теориялық ұғымдарды тәжірибе арқылы нақты түсінуді, табиғи құбылыстардың себеп–салдар байланысын ұғынуды және ғылыми заңдылықтарды өзінше дәлелдеуді қалыптастырады. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханаларда оқушылар теориялық білімді тәжірибе арқылы меңгеріп, табиғи құбылыстарды зерттеуге мүмкіндік алады. Бұл жұмыстар барысында оқушылар бақылау жүргізуді, деректер жинауды, талдау жасауды және ғылыми қорытынды шығаруды үйренеді.

Семинар-практикумның бірінші күні Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтері Рыспеков Р.М., Кудабекова М., Сулейменова А.Б., Садыкова А.Ж. «Мектеп зертханасы жұмысының тетіктері: жабдықтаудан бастап қауіпсіздікке дейін» тақырыбында зертханалық жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне тоқталып, практика жүзінде жұмыстарды педагогтермен бірге жасап, сандық зертханалар (датчиктер, цифрлық микроскоптар), компьютер, интерактивті тақта және виртуалды зертханалар мен симуляторларды тиімді пайдалану тәсілдерін көрсетті.

Аягөз ауданы білім бөлімінің «Қалалық көпсалалы қазақ мектеп-гимназия» КММ педагогтері Ибраева А.А., Абдоллаева С.М.. Бастосова К.М., Кунусова М.О., Мухамедярова Г.Ж., Садуакасова К.С.«Зертханалық және практикалық жұмыстарды тиімді ұйымдастыру» тақырыбында шеберлік сыныптар өткізді. Мақсаты: Зертханалық және практикалық жұмыстарды жоспарлау, ұйымдастыру және өткізу барысында тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы білім алушылардың танымдық белсенділігін арттыру және практикалық дағдыларын дамыту. Шеберлік сынып барысында зертханалық және практикалық жұмыстардың оқу үдерісіндегі маңызына тоқталып, жұмыстарды тиімді жоспарлау мен құрылымдаудың заманауи тәсілдері және білім алушылардың өздігінен жұмыс істеу, талдау және қорытынды жасау дағдыларын дамытуға бағытталған әдістерді ұсынды.

Өскемен қаласы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының аға менеджері Адильжанова Д. А. «Оқу бағдарламасын жоспарлау сабақтастығы мен бірізділігі: деңгейлес (көлденең) және сатылас (тік) тәсілдер» тақырыбында педагогтерге тиімді сабақты ұйымдастыру үшін көлденең және тігінен жоспарлау тәсілдерінің маңыздылығына тоқталды. Оқыту үдерісінде аталған тәсілдерді тиімді пайдалану оқу бағдарламасының тұтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз етуге, оқу мақсаттарының нақты, өлшенетін және қолжетімді болуына ықпал етіп, сапалы білім берудің негізі және білім алушылардың функционалдық сауаттылығы мен құзыреттілігі дамитынын көрсетті.

Семинар-практикумның екінші күні Өскемен қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының тренері Пак В.С. «Алмастырудан трансформацияға дейін: SAMR және TPACK модельдері цифрлық құралдарды сабаққа саналы түрде кіріктіруге қалай көмектеседі» тақырыбында педагогтерге SAMR және TPACK модельдері арқылы оқу тапсырмаларын технология көмегімен қалай жақсартуға және түрлендіруге, пән мазмұны, оқыту әдістемесі және технологияны өзара үйлесімді қолдануға болатынына тоқталды. Осы модульдерді пайдаланып пәнді қалай тиімді оқытуға, пәнге сай технология қалай таңдауға және технологияны педагогикалық мақсатта қалай қолдануға болады деген сұрақтарға «ПАДАГОГИКАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕКТЕР» технологиясын пайдалану арқылы жауап берді.

Семинар-практикумның «Білім беру тәжірибесіндегі жасанды интеллект: педагогикалық сценарийлер, мүмкіндіктері және сабақта ЖИ қолданудың шектеулері» бөлімінде өткізілген шеберлік сағаттарында Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтері Сүлейменова Г.А., Сулейменова А.Б. «Физиканың күрделі тақырыптарын әр оқушыға бейімдеу: ЖИ құралдарын қолданудың практикалық мысалдары»; Советбекова А.К., Соболева А.Н. «Химия сабақтарында жасанды интеллектінің көмегімен интерактивті тапсырмаларды құрастыру», Оразбаева Д.А. «Применение ИИ для анализа и моделирования биологических процессов», Таяпбергенова А.М., Соринкин Е.С. «Применение ИИ на уроках информатики для развития когнитивных навыков», Какенов А.Т., Камбелова У.У. «Оқу дағдыларын қалыптастырудағы  жасанды интеллектінің маңыздылығы», Баркова А.А., Нуркешева Д.М. «AI-Enhanced English Teaching: Practical Tools for the Modern Classroom», Смагулова Н.Т., Омарбекова К.А. «Эффективное использование ИИ в преподавании русского языка и литературы» тақырыптарында ЖИ мүмкіндіктерін оқу үдерісінде тиімді пайдалану білім беруді қолайлы, дараланған және қызықты етуге көмектесетіне тоқтала келе педагогтер үшін оқу материалын әзірлеу, нақты және жылдам бағалау мен кері байланыс орнатуға, тіл үйренуге, ерекше білім қажеттілігі бар оқушыларға тапсырмаларды (мәтінді дыбыстау, субтитр) жеңілдетілген нұсқада дайындауға, білім алушыларды сын тұрғысынан ойлауға және шығармашылықпен айналысуға көмек беретін бағдарламаларды қолдану мүмкіндіктерін практикада көрсетті.

Семинар-практикум барысында қатысушылардан ұсыныстар қабылданып, кері байланыс орнатылды.

Қорыта келгенде, мектеп зертханалары - оқушыларды тек біліммен қаруландырып қана қоймай, оларды өмірлік мәселелерді шешуге қабілетті, жауапкершілігі жоғары, болашақ маман ретінде қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң екені ескеріліп, жаратылыстану пәні педагогтері үшін білім алушылар алдындағы жауапкершіліктің маңыздылығы атап айтылды.



Галерея







Видеогалереясы